Бүгінгі күні карталардың 80 пайызға жуығы жергілікті жердің қазіргі жағдайына және мемлекеттік топономикаға сәйкес келмейді - Ө.Өзбеков
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгінгі күні карталардың 80 пайызға жуығы жергілікті жердің қазіргі жағдайына және мемлекеттік топономикаға сәйкес келмейді. Бұл туралы бүгін Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу барысында айтты.
«Бүгінгі таңда карталардың 80 пайызға жуығы жергілікті жердің қазіргі жағдайына және мемлекеттік топономикаға сәйкес келмейді деп айтуға болады. Мемлекеттік топографиялық карталардың жаңартылуына қарағанда - жылдам ескіреді. Ал бұл жағдай экономикаға айтарлықтай зиян келтіруі, кейде орны толмас шығындарға алып келуі мүмкін», - деді ол.
Оның атап өтуінше, өткен жылы Агенттіктің геодезиялық, қазыналық кәсіпорындары Астана қаласының үлкен маштабтағы картасын дайындаған. Алматы мен Атырау қалаларының мемлекеттік топографиялық карталарының масштабты қатарын жаңарту үшін аэрофототүсірім жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар ел экономикасына қажет әртүрі масштабтағы 1750 беттен астам мемлекеттік топографиялық карталары қайтадан жаңартылып, мемлекеттік тілде шығарылды. 1153 сандық топографиялық карталар жасалынды.