Бүгінгі күні науқас адамдардың саны көп, оларды керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен жөн - Б. Түменова

АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қоғам өкілдері «жедел желі» телефондарының жұмысын ұйымдастыру арқылы Қазақстан азаматтарын кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандырудың қолжетімділігіне бақылау жүргізуге ниет білдіріп отыр. Бұл жайында бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Бүгінгі күні науқас адамдардың саны көп, оларды керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен жөн - Б. Түменова

Өтініштерді қабылдау Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Семей қалаларында жүзеге асырылмақ.

Зерттеу мақсаты тегін және жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселесін зерттеу, сондай-ақ, осы мәселенің ашықтығы мен тиімділігін арттыру болып табылады. Өтініштерді қабылдау және оны талдауға кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру үрдісіне қоғамдық мониторинг жүргізу жобасы аясында «Амансаулық» қоғамдық қоры бастама беріп отыр.

«2008 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен еліміздің алты қаласында алғашқы рет ұйымдастырылған «жедел желі» телефондарының жарты жылдық жұмысы нәтижесінде шағымдардың 70 пайызға жуығы кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру мәселесімен байланысты болғандығын аңғартты. Өтініштерге талдау жасау тегін және жеңілдік бойынша жіберілетін дәрі-дәрмектің қолжетімділік деңгейін бағалап, бірыңғай дистрибьюторды енгізу уақытынан бергі орын алған өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді», - дейді «Амансаулық» ҚҚ Президенті Бақыт Түменова.

Сонымен қатар осы жоба аясында Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарының ауылдық жерлеріндегі науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен емдеу жұмыстары жүргізілмек.

Б.Түменованың айтуынша, Алматы қаласының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі басқа аумақтарға қарағанда әлдеқайда тәуір. "Ал ауылдық жерлерде жағдай бұдан да нашар. Ол неліктен десек бөлінген бюджет қаржысы жеткіліксіз. Менің ойымша негізінен осы бюджет бекітілген кезде депутаттар, жергілікті әкімдер біріншіден қалаға жол салуды, оны әрлендіруді және тағы басқа мәселені бірінші орынға қоймай, адамды, оның денсаулығын ойлау керек. Бүгінгі күні науқас адамдардың саны көп, оларды керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен жөн", -деп атап өтті өз сөзінде Б. Түменова.

«Жоба әлеуметтік жеңілдік аясындағы азаматтарға тиесілі дәрі-дәрмектің қолжетімділігін бақылауға арналған. Аталмыш қормен біз осымен екінші рет бірлесе жұмыс істемекшіміз. Жоба бізге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», - дейді ҚР ДМ Алматы қалалық Медициналық және ұйымдастырылған бақылау қызмет комитеті департаментінің директоры қадырбек Аңдағұлов.

«Жедел желі» телефондар қызметін ұйымдастыру «Сорос-Қазақстан» қорының «Мемлекеттік қорлар ашықтығы» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан «Кепілдендірілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру жүйесінің ашықтығын арттыру және ҚР азаматтарының дәрі-дәрмек құралдарына қолжетімділігін арттыру» жобасының бір бөлігі болып табылады.

«Амансаулық» қоғамдық қоры азаматтардың «жедел желі» телефондарына келіп түсетін өтініштерін қабылдауды Қызылорда қаласында «Жастар мәселелері орталығы» қоғамдық бірлестігімен, Қарағанды қаласында «Білім және даму» қоғамдық бірлестігімен, Семей қаласында «Үй» қоғамдық бірлестігімен әріптестік аясында жүзеге асырмақ.