Бүгінгі мерекеге орай Қазақстан бойынша 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алғыс айту күніне орай Қазақстан бойынша 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи мәлім етті.
«Бүгін - керемет күн. Себебі, алғыс айту тарихының өзі керемет. 1 наурызда алғаш аталып өтіп жатқан бұл мереке аясында Қазақстан бойынша 800-ден астам шара қамтылған. Өздеріңіз білесіздер, бүгін Астанада Елбасының қатысуымен Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті. Бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталсақ, жалпы мейрімділік пен қайырымдылыққа арналған бұл мерекенің тәрбиелік мәні өте зор», - деп тоқталды Н. Шанаи.
Осы орайда ол өткен ғасырдың нәубетті жылдарында Қазақстан жеріне келген ұлттар мен ұлыстарға көмек қолын созған қазақ халқына шексіз алғысын айтып жатқандығын атап өтті.
«Бүгінде сол ұлт пен ұлыстар Қазақстанда өз орнын тауып, ортақ Отаны үшін еңбегін аямай қызмет етуде. Еліміздің дамуына, болашағына баршамыз бірлесе жұмылып қызмет атқарудамыз», - деді Н. Шанаи.
Бүгін - Қазақстанда Алғыс айту күні. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді. 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде.