Бүгінгі міндеттерді шеше отырып, біз келешектің де даму негіздерін қалауымыз керек - ҚР Премьер-Министрі
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Наурыздың 13-інде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы кеңестің бірінші мәжілісі өткені бұдан бұрын хабарланған болатын.
ҚазАқпарат бүгін осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материал таратып отыр. Мәжіліске Үкіметтің бірқатар мүшелері, Мәжіліс депутаты Г.Қарағұсова, сондай-ақ бизнес қауымдастықтардың өкілдері, атап айтқанда: Кәсіпкерлер форумының төрағасы Р.Баталов, «Атамекен» Одағы» Экономикалық-өнеркәсіптік палатасының төрағасы А.Перуашев, Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Е.Қожасбай, «Астық индустриясы» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Н.Смағұлов қатысты. Мәжіліс барысында кедендік тарифтік саясат саласында қабылданып жатқан отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған қорғаныс шараларының кешені, Қазақстан Республикасындағы рұқсатнама жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы мен экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шаралардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өз сөзінде атап көрсеткендей, 2010 жылы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанда Біртұтас кедендік одақ аясында Ресей және Беларуспен арадағы ортақ кедендік тариф жұмыс істей бастайды. Осыған байланысты Үкімет басшысы атап көрсеткендей, ол күнге қазірден дайындалу және отандық тауар өндірушілерді қорғау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу керек. Индустрия және сауда министрі В.Школьник өз сөзінде атап көрсеткендей, қазіргі уақытта қазақстандық тауар өндірушілер үшін максималды пайда қамтамасыз ету мақсатында әрбір тауар аталымы бойынша пайымдалып отырған ортақ кедендік тариф аясында тарифтер мөлшерін орнату жөніндегі Қазақстанның ұстанымдарын талдап жасау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. «Атамекен» Одағы» Экономикалық-өнеркәсіптік палатасының төрағасы А.Перуашев өз сөзінде, бизнесті қолдау жөніндегі Үкімет тарапынан қабылданып отырған шаралардың нәтиже бере бастағанын атап көрсетті: «Банктер несие бере бастады және осы жайттың өзі оң пайымдаулар туғызуда. Несиелердің қайта қаржыландырылуы бойынша жақсы көрсеткіштер бар». Үкімет басшысы мәжіліс соңында атап көрсеткендей, Дағдарысқа қарсы кеңеске қатысушылар тиімді мемлекеттік сауда саясатын әзірлеу үшін өз күш-жігерлерін біріктіруі керек: «Бүгінгі күннің міндеттерін шеше отырып, біз келешектегі дамудың да негіздерін қалауымыз керек», деп атап көрсетті К.Мәсімов. Дағдарысқа қарсы кеңестің келесі отырысы ертең, наурыздың 17-сінде өтеді. ҚазАқпарат анықтамасы: Наурыздың 10-ы күні аймақ әкімдерінің қатысуымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында бірқатар өзекті мәселелермен бірге, Дағдарысқа қарсы кеңес құру туралы мәселе қаралған болатын. Үкімет Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер форумы бастамашы болып отырған «Дағдарысқа қарсы кеңес құру туралы» қаулыны қабылдады. Дағдарысқа қарсы кеңес Үкімет жанындағы консультативтік-кеңестік орган болып табылады. Кеңесті Премьер-Министр басқарады ал оның жұмыс органы болатын Индустрия және сауда министрлігі ұйымдастыру мен техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын атқарады. Бұл кеңесті құруға әлемдік қаржы нарығында қалыптасып отырған жағдай себеп болып отыр. Дағдарысқа қарсы кеңестің негізгі бағыттары мемлекеттік және жекеменшік серіктестік механизмін оңтайландыру, экономиканың бәсекеге қабілетті салаларын дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ басқа да шаралар қарастырылған.Дағдарысқа қарсы кеңестің негізгі мақсаттары:
- үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдардың, бизнес-қоғамдастығының күш-жігерлерін жұмылдыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу;
- мемлекеттік және жекеменшік серіктестік тетіктерін оңтайландыру;
- экономиканың нақты салаларын, іскерлік белсенділікті дамытуға жағдайлар жасау;
- жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу, оларды түзету жөніндегі ұсыныстар әзірлеп, енгізу болып табылады. Тағы бір айта кететін жайт, осы мәселені қарау барысында Үкімет басшысы облыстарда осындай кеңестерді құрып, оларды басқаруды әкімдердің өздеріне тапсырды.