Бүгінгі негізгі мақсатымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта түсу және оның қолдану аясын кеңейту - А.Желдібаев

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігінде тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
None
None

Аталмыш ауданның әкімі Махамбет Бейдалы қазіргі таңда тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы аясында елімізде және қаламыздағы әр мекемелерде талқылау жұмыстары жүріп жатқандығын айтады. Сонымен қатар бүгінгі жиынға қазақ тілінің нағыз жанашырлары мен оның дамуына атсалысып жүрген жандар келгендігін жеткізді.

Сондай-ақ жиын барысында Медеу ауданы әкімінің аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ақылбек Желдібаев аудан бойынша қазақ тілінің даму барысына тоқталып өтті.

"Бүгінгі негізгі мақсатымыз - мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта түсу және оның қолдану аясын кеңейту. Мемлекеттік тіл елді басқару тілі ретіндегі рөлін толығымен атқаруына жан-жақты жағдай жасалған. Ауданымыздағы әкім аппаратында іс-құжат айналымының мемлекеттік тілге көшуі толығымен аяқталды. Аппарат қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жетілдіру мақсатында мемлекеттік тілді оқыту жолға қойылған", дейді А.Желдібаев.

Сонымен қатар ол мемлекеттік тілді насихаттау мен қолдану аясын кеңейту мақсатында ауданда орналасқан мектептер мен жоғары оқу орындарында әртүрлі шаралар өткізіліп жатқандығын және Қазақстан халқы тілдері күнін атап өту мақсатында тіл апталығы ұйымдастырылғанын айтады. "Сонымен бірге қалалық "Тіл дарыны-2010", "Қазақ тілінің үздік оқытушысы", "Мемлекеттік тіл - менің тілім" байқауларына атсалыстық. Аудандық деңгейде өтетін барлық мәдени бұқаралық шаралар мемлекеттік тілде өтеді", деп атап өтті өз сөзінде Ақылбек Желдібаев.

Көрнекті ақпараттар мен жарнамалардың ҚР-ның тіл туралы заңының 21-ші бабына сәйкес әзірленуін тексеру бойынша ағымдағы жылғы сәуірдің 26-30-сы мен қыркүйектің 10-20-сы аралықтарында аталмыш ауданда тіл тазалығы апталығы өткен. Апталық барысында аудандағы негізгі көшелерінде орналасқан нысандарда берілген жарнамалардағы қателіктер суретке түсіріліп, Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасына жіберілген.

Соңғы жаңалықтар