Бүгінгі шара бойымызға серпін, ойымызға қозғау салып, үлкен жауапкершілікті сезіндірді - «Жылдың үздік оқушысы» байқауының жеңімпазы
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елбасымыздың ел тағдырына жасаған барлық игі істері үшін алғысымыз шексіз.
Бұл туралы бүгін Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Жылдың үздік оқушысы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде айтылды.
«Бүгін біздер, яғни Алматы қаласының оқушылары үшін үлкен мереке. Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналуы бізді қуанышқа бөлеп, шаттыққа кенелтіп отыр. Бойымызға серпін, ойымызға қозғау салып, үлкен жауапкершілікті сезіндік. Елбасымыздың «еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында» деген ұлағатты сөзі әрқашан біздің жүрегімізде», - деді жылдың үздік оқушылары атынан сөз алған № 159 гимназияның 10-сынып оқушысы Бағдат Лесбаева.
Алматыда бұған дейін 2009 жылы республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына «Үркер» төсбелгісі тағайындалған болатын. Оған алғашқы жылы 78 оқушы ие болған еді. Олардың саны 5 жылда 5 есе ұлғайып, биыл 322-ге жетіп отыр. Енді оның қатары «Жылдың үздік оқушысы» байқауымен толықты. Бұл мәртебеге білім мен ғылым, шығармашылық пен өнер саласында жемісті жетістік көрсеткен үздіктер ие болмақ.