Бүгінгі Сирия: Алеппо үшін ұрыс аяқталды, алда Идлиб үшін айқас күтіп тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Ризабек Жұмажанов өзінің жолжазбасына түртіп алған Сирияға қатысты ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сирия аумағында бетон тосқауылдары бар көптеген блок-постар қойылған. Олардың жанында қарулы жауынгерлермен бірге тұрған офицерлер жолаушыларға күдікпен қарайды. Бізге ілесіп келе жатқан күзет бірден блок-посты суретке түсіруге болмайтындығын қатаң ескертті.
Дамаскіде адамдар күнделікті күйбең тіршілігімен өмір сүруде. Балалар саябақта ойнап жүр. Дәмханалар мен мен мейрамханалар да жұмыс істеп тұр. Дегенмен, мұндай үлкен қала үшін көшеде жүрген адам өте сирек. Ел президенті Башар Асадтың суреті әкімшілік ғимараттардың қасбетіне, сонымен бірге базарларда да ілінген.
Тарихы терең, әлемнің көне қалаларының бірі Шам шаһарымен біте қайнасқан, талай дәуірлер мен халықтарды бастан кешірген «Сук аль-Хамидия» базары 22-00-ге дейін жұмыс істейді.
«Соғыс жылдары ішінде Сирия экономикасы айтарлықтай әлсіреді. Соңғы 6 жылға жуық уақыттың ішінде Сирияның ұлттық валютасының бағамы долларға шаққанда 11 есе құнсызданып, бір долларға 45-50 лирден 500-530 лирге дейін төмендеді. Бірқатар тауар мен қызмет бағасы да осы өсімге сәйкес шарықтап кетті. Бірақ, қатардағы сириялықтардың жалақысы жайында да дәл солай айтуға болмайды, ол бұрынғы қалпында қалып отыр. Сол себепті халықтың да сатып алу қабілеті 10 есеге азайды. Бұл ел экономикасына да теріс әсерін тигізуде. Көпшілігі тұрмысқа өте қажетті тауарларды да сатып ала алмайды. Мәселен, Сирия армиясы офицерінің жалақысы 100-120 АҚШ долларын, қатардағы келісімшарт жауынгерінің жалақысы 50 АҚШ долларын құрайды. Бұған дейін ол 10-11 есе жоғары еді», - дейді қазақстандық делегациямен еріп жүрген қарулы күзетшілердің бірі.
Кейбір сарапшылар Сирияның индустриалды дамыған аудандарының соғыс алаңына айналуы тегіннен-тегін емес деген болжам жасайды. Бұл шындыққа жанасатын сияқты. Мәселен, Алеппо қаласындағы кәсіпорындардағы құрал-жабдықтардың ұрланып, көршілес елдердің біріне жеткізілгендігі белгілі. Құрал-жабдықтарды арнайы мамандар бөлшектеумен айналысқан.
«Көптеген білікті мамандар кәсіпорынның банкрот болуына немесе олардың бұзылуына байланысты жұмыссыз қалды. Бірінші кезекте бұл 2011 жылға дейін елді шеге мен инеден бастап жеңіл автомобильмен де қамтамасыз етіп отырған ірі, орта және шағын кәсіпорындардың талқандалуымен байланысты. Сирия өзін ғана қамтамасыз етіп қоймай сонымен бірге Иордания, Ливан, Ирак және Мысырға өз тауарларын жеткізіп тұратын. Базардағы қазіргі киім-кешек пен азық-түліктер үкіметтік армия бақылауындағы өлкелерде тұратын жеке кәсіпкерлердің шағын зауыттарынан шыққан өнімдер», - дейді бұрынғы инженер, бүгінде «Сук Аль-Хамидия» базарының саудагеріне айналған Закхей Абдурахман.
Жұмыссыздықтың белең алып, сирия валютасының 10-11 есе құнсыздануына қарамастан «Сук Аль-Хамидия» базарында ешкімде алақан жайып қайыр тілеп жүрген жоқ. Дегенмен, анда-санда көмек сұраған балалар кездесіп қалады. Олардың өздері де базардың 200-300 метрлік әрбір қатарын бақылауында ұстап тұрған қарулы күзетшілер естіп қоймауы үшін ақырын сөйлейді.
Дамаскінің әрбір ауданына кіреберіс пен шығаберісінде бетон тосқауылдары бар блок-постар қойылған. Онда отырған қарулы әскери қызметшілер содырлар мен лаңкестердің тосын шабуылына тойтарыс беруге сақадай сай.
Әсіресе мемлекеттік мекемелерге кіреберістегі блок-постар барынша бекем. Биіктігі 2-ден 5 метрге дейін жететін бетон қоршаулар Сирия туына боялған. Олардың жанында автоматпен қаруланған жауынгерлер, пулемет орнатылған сауытты машина тұр.
Қазіргі уақытта Алеппоның ролі айқындалған. «Азат етілген Алепподағы әскери қуатымызды еселей түсетін боламыз», - дейді ҚазАқпараттың арнаулы тілшісіне сұхбат берген Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары Фейсал Аль-Мекдад.
Дегенмен, Сирия үшін маңызы Алепподан кем емес өзге елді мекендерде үкімет билігі әзірше орнатылған жоқ. Мәселен, Идлибті радикалды экстремистік топтар немесе қарулы оппозиция бақылауында ұстап отыр. Айтпақшы бұлар Астанада өтетін сирияаралық келіссөздерге де қатысуы мүмкін.
«Бүгінде Идлибті БҰҰ террористік ұйымдар тізіміне енгізген
«Джабхат ан-Нусра» тобы бақылауында ұстауда. 2015 жылдың қаңтарында Идлибте бір күннің ішінде Сирия армиясының тұтқынға түскен 56 жауынгері өлтірілген болатын. Бүгінде Идлибті дәл осы ұйым бақылауында ұстап отырғаны белгілі», - дейді Аль-Мекдад.
Сирия үкіметі террористермен келіссөздер жүргізбек емес. Демек таяу арада Алепподағыдай азат ету операциясының Идлибте де жүргізілетіндігі анық.
