Бүгінгі таңда адам саудасы әлем бойынша кең ауқым алып отыр - С.Күсетов
АЛМАТЫ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгінгі таңда адам саудасы әлем бойынша кең ауқым алып отыр, ал Қазақстан тірі тауарды жеткізуші, тұтынушы және транзит елі ретінде осы жаһандық үдерістің бел ортасында қалуда. Бұл жайында бүгін ҚР ІІМ криминалды полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов «Балалар саудасына қарсы іс-қимыл тетіктері» атты семинар-кеңесте айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С.Күсетовтың айтуынша, тірі тауардың криминалдық саудасына экономикалық жағынан дамыған елдер мен дамушы мемлекеттер де тартылып отыр.
«Бұл жағымсыз құбылыс бірлескен шұғыл іс-қимыл мен шешуші, әрі жан-жақты әрекетті қажет етуде. Сондықтан осы мәселені кеңінен талқылап, әрі көрші елдермен тәжірибе алмасып, осы бағытта мамандардың кәсіби деңгейін көтеру мен тиімді тәсілдерді іздеу мақсатында - бүгінгі семинар-кеңесті ұйымдастырып отырмыз», дейді С.Күсетов.
Сонымен қатар ол өткен жылы 15-тен аса адам саудасы орын алғанын және биылғы жылдың тек алғашқы тоқсанында 10-нан аса осындай жағдайдың тіркелгенін жеткізді.
Аталмыш семинарға ҚР Ішкі істер министрлігі, ҰҚК қызметкерлері, ЕҚЫҰ Орталығының, БҰҰ Балалар қоры, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары, Украина ІІМ-нің, Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттерінің ҮЕҰ-ның өкілдері қатысуда.
Сәуірдің 30-на дейін жалғасатын шара «Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы», Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығы, Қазақстандағы көші-қон ұйымы мен Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.