Бүгінгі таңғы ұйқы есімізде қалатын болды - Алатау ауданының тұрғыны

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мамыр айындағы нөсер жаңбырдан кейін Шаңырақ ықшам ауданындағы су басқан 60 үй құлап қалған болатын. Бүгін ондағы тұрғындарға жаңадан ашылған «Саялы» ықшам ауданында мемлекет қаржысына салынған 62 үйдің кілті табыс етілді. Тағы 14 үй салынуда, сондай-ақ жаңа жобалар жасалуда», деді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
Онда жаңа үйдің кілтін қала әкімі Ахметжан Есімовтың қолынан алған Нәзира Бертілеуова - «Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мамыр айындағы нөсер жаңбыр кезінде «Шаңырақ» ықшам ауданы Кенесары көшесіндегі жеке үйім құлап қалған еді. Бүгін «Саялы» ықшам ауданы Ақсай көшесіндегі №21 үйдің егесі атанып отырмын. Белкамит кәсіпорнында жұмыс жасаған едім. Қазір алты айлық сәбиіммен үйде отырмын. Отбасымда екі балам бар. Мемлекет қаржысына салынған бұл үйдің бағасы 7 мың АҚШ долларына бағаланып отыр. Бізге оны қайтаруға 7 жыл мерзім берілуде. Ай сайынғы төлеміміз 12,5 мың теңге. Бұл талап мені толық қанағаттандарады», деді. Ал «Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғыны Әсия Мижданбекова - «Халықтың көз жасын көріп, зардап шегіп жатқанда көмек қолын созғандарыңызға рахмет. Ата-бабамыздың «ашаршылықтағы таңғы ұйқы естен кетпес», деген сөзі бар. Сіздердің берген таңғы ұйқыларыңыз өмір бақи есімізде қалатындай болды. «Саялы» бағымызда саялы құт болсын. Жаңа баспанаға қолы жеткен барлық тұрғындарға шаңырағымыз шайқалмай, тереземіз тең, керегеміз кең болып, ішінде бала-шағамыз күліп-ойнап жүре берсін деп тілек айтқым келеді», деп өзінің ізгі ниетін жеткізді.