Бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғылымға айналды - М.Тәжин
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғылымға айналғаны анық. Мұндай пікірді бүгін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мәлім етті.
«Біз уақыт тарих ғылымының алдына атымен жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиістіміз», - деп атап өтіп Мемлекеттік хатшы әлемдік тарихнамада орын алған таным тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау біздің назарымыздан тыс қалып қойғандығын баса айтты. «Әңгіме, кем дегенде, ХХ ғасырдың екі әдіснамалық революциясы жайында болып отыр, тарих ғылымындағы қағидатты өзгерістер солармен байланысты. Біріншіден, мен ең алдымен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз тарихи мектебінің қуатты зияткерлік қозғалысын атап айтқым келеді, ол қозғалыс ең алдымен Люсьен Февр мен Марк Блоктың есімдерімен байланысты», - деді.
М.Тәжиннің пайымынша, бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғылымға айналғаны анық. Тарихи зерттеулер өз бойына көптеген шектес пәндердің - әлеуметтану мен әлеуметтік психологияның, макроэкономикалық теорияның, әлеуметтік географияның, этнографияның, антропологияның, мәдениеттанудың, құқық тарихының және басқаларының әдістерін кіріктірді.
«Екіншіден, әлемдік тарих ғылымында ауқымы алғашқыдан кем түспейтін тағы бір сапалық секіріс ХХ ғасырдың екінші жартысының өзінде орын алды», - деді ол.