Бүгінгі телеэкран осы заманның бесік жыры екенін ұмытпауымыз керек - Қ. Айтаханов

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі телеэкран осы заманның бесік жыры екенін ұмытпауымыз керек. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлімдеді.

Бүгінгі телеэкран осы заманның бесік жыры екенін ұмытпауымыз керек - Қ. Айтаханов

«БАҚ-та, оның ішінде қоғам өмірінде жастардың сана сезімінің дұрыс қалыптасуына, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде отандық телеарналардың алатын орны ерекше. Сол себепті де қазақстандық телеарналарды қолдау, реттеу, қадағалау, ынталандыру мәселелерін қарастыратын заң жобасын толығымен қолдаймын», - деді сенатор Қуаныш Айтаханов. Оның айтуынша, соңғы уақытта қазақстандық арналарда теледидар хабарларын таратудағы мемлекеттік тілге бетбұрыс оң сипат алып келеді. Дегенмен, отандық телеарналар жұмысында жастарды адамгершілікке, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде әлі де болса кемшіліктер баршылық.

«Отандық телеарналарда арзанқол жылтырақ шоулар, ойын-сауық бағдарламалары көбейіп барады. Қазіргі заманға бейімделудің жолы осы екен деп батыстық, ресейлік бағдарламаларды көшіріп алу көптеп орын алуда. Көрерменді көптеп ойландыратын, ғибраты мол бағдарламалар саны мүлдем аз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген ұлы М. Әуезовтың даналығына қазіргі ақпараттың шарықтау заманында «Ел боламын десең экраныңды түзе» дегенді қосу керек секілді. Себебі, бүгінгі экран - осы заманның бесік жыры. Мұны еш ұмытпауымыз керек», - деді Қуаныш Айтаханұлы.

Сенатордың айтуынша, күн сайын тілі шыға бастаған сәбилерден бастап жүздеген-мыңдаған адамдар телеэкранның алдында отыруды әдетке айналдырса, олардың көпшлігі жат пиғылды, атыс-шабыс пен зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильмдермен «тәрбиеленуде».

«Телеэкранды ұрпақ тәрбиелеуде жастарымыздың күш-қуатын тәуелсіз еліміздің азаттық рухында, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде толық пайдалана алмай келе жатырмыз», - деді сенатор.