«Бүгінгі ұрпақ ертеңгі зейнетақысына алаңдаулы»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 11-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Еліміздегі заңдылықтың сақталуын қадағалау - прокуратураның басты міндеті». ҚР Президенті өткізген тікелей желі азаматтарымыздың жылдан жылға белсенділіктерін арттырып, Мемлекет басшысына өздерінің жеке шаруаларын ғана айтып қоймай, еліміздің одан әрі дамуы, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, табиғи және ұлттық байлықтарымыздың сақталуы жөнінде ой қозғап, жанашырлық танытуға ұмтылысын да көрсетіп берді. Мемлекет басшысы өткізген тікелей желі барысында еліміздің азаматтарынан прокуратура органдарының қызметіне тікелей және жанама қатысы бар 3475 сұрақ келіп түсті. Осы сұрақтарға «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің берген жауаптары жарияланған.
Күні кеше Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің 2-ші отырысы өткен болатын. Бұл қор өткен жылы Елбасының ұсынысы бойынша құрылған. Алқалы жиында айтылған жайттарға орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Шүкірге бақ қонады» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Жарияланымда Қ.Саудабаевтың «Сабыр түбі - сары алтын». Жалпы, тіл саясатын сабырмен, байыптылықпен жүзеге асырғанымыз дұрыс. Туған тіліміздің тағдырын саяси ойынға айналдырмайық. Жоқ жерден дау-дамай туғызып, елдің берекесін қашырмайық. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік тілді дамыту ісі нақты жүйеге қойылғаны өздеріңізге мәлім. Күні кеше, тәуелсіздік қарсаңында, қазақ тілінің қаншалықты ауыр жағдайда болғанын бәріңіз білесіздер», деген сөзі келтірілген.
Осы алқалы жиынға орай «Түркістан» апталығында да егжей-тегжейлі жазылған мақала жарияланды.
«Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Германия Федеративті Республикасына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында екіжақты байланыстарды дамытуға байланысты бірқатар кездесулер өткізді және Германиядағы Қазақстан жылының салтанатты жабылу рәсіміне қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сапар барысында Қ.Саудабаев ГФР Сыртқы істер министрі Г.Вестервеллемен кездескен. Басылымның жазуынша, Г.Вестервелле «Біз бүгін үлкен саясат туралы ғана әңгімелескен жоқпыз, әріптесім екеуміз қай салада болсын ынтымақтастықтың екі ел үшін маңыздылығына тоқталдық. Біз Қазақстанға қолдау көрсетумен келеміз және ондағы жүргізілген барлық реформаларға сеніммен қараймыз. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынастар көңілдегідей» дей келе, ЕҚЫҰ төрағалығын атқаруда Қазақстан бастамаларына қолдау көрсететіндіктерін айтқан.
ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың ГФР-ға жасаған жұмыс сапары жайында «Айқын» газетінен де оқуға болады.
***
«Тоқыма саласы тоқырап тұр». «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санында осы тақырыппен жарық көрген мақалада 90-шы жылдардан бері еліміздің ЖІӨ-дегі тоқыма өнеркәсібінің үлесі 15-тен 0,5 пайызға дейін төмендегені айтылған. Басылымның жазуынша, бұл көрсеткіш Қытайда 12, Үндістанда 14 пайызға тең екен. «Өз өндірісіміз болмағандықтан дүкен-базарлардағы тауарлардың 95 пайызы шет елден әкелінген. Тігін-тоқыма ісін дамытуға салық жүйесі мен баж салықтары кедергі келтіріп отыр. Фабрикалар мен тігін цехтары сырттан сатып әкелетін маталар «дайын өнім» ретінде тіркеліп, жоғарғы тариф бойынша салық салынады. Осының кесірінен Қазақстанда тігілген көйлектің өзіндік құны түрік немесе қытай тауарымен бәсекелесе алмайды. Ал Қырғызстаннан жеткізілетін кілемдердің шаршы метрінен 50 теңге ғана баж салығы алынса, базарда бұл тауар 750-6000 теңге аралығында саудаланады. Сөйтіп киім-кешекті былай қойғанда кілем сөрелерін де қырғыз бен түрік тауарлары иемденіп кеткен» деп жазады басылым.
«Алматыдан Атырауға бет алған «Боинг-747» ұшағы Қызылордаға қонуға мәжбүр болды. Себеп - жанар-жағар май бітіп қалған екен. Қалай болғанда да ресми түрде жария етілген версия осындай. Борттағы 90 адамның барлығы дін аман. «Қорқыт» әуежайында демін басып, жанар майын толтырып алған соң Атырауға аттанып кетті. Қызылорда облыстық төтенше жаңдайдар жөніндегі департамент баспасөз қызметі жетекшісі Анар Сәметованың айтуынша, соңғы жылдары мұндай оқыс оқиғалар тіркелмеген. Айта кеткен жөн, Қызылордаға әдетте Fokker тәрізді жеңіл ұшақтар ұшады. Бірақ Қорқыт әуежайы Боинг сынды алыпты да сәтімен жолына салды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осы жатқа орай жарияланған мақала басылымның бүгінгі нөмірінде «Трансаэро жанар-жағар майын тексермей ұшады екен» деген тақырыппен жарияланған.
Қазақстандағы 14 жинақтаушы зейнетақы қорының 13-і инвестициялық портфелін ашық жарияламай келеді. Яғни осы қаражаттың иесі - салымшылар оған қандай құнды қағаздар сатылып алынғанын білмейді. «Алаш айнасы» басылымының назарына іліккен бұл мәселеге қатысты толық мағлұматты «Бүгінгі ұрпақ ертеңгі зейнетақысына алаңдаулы» деген мақаладан аласыз. Басылымның жазуынша, қазіргі уақытта Қаржылық қадағалау агенттігі инвестпортфельді жариялау жөнінде қорлармен пікір алмасып жатқан көрінеді.
***
«Мұнай-газ саласының ел экономикасына әсері». «Экономика» басылымында осы тақырыппен мақала жарық көрді. Басылым «Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай және газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар - Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкменстан. Бұлардың iшiнде Қазақстаннан басқа үшеуi мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр» дей келе, аталған мемлекеттердің мұнай мен газ өндірудегі әр жылдардағы көрсеткіштеріне тоқталған. Сонымен қатар осы жер қойнау байлықтарын өндіру неліктен қысқарғандығына шолу жасалған.
Желтоқсан айында қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы ықпалын арттыру мақсатында Қазақ журналистерінің бірінші халықаралық форумы өтеді деген хабар тараған болатын. Бірақ түрлі себептермен келер жылдың басына шегерілген еді. Осыған орай «Экономика» газетінің бүгінгі санында «Төл баспасөзімізге қолдау қажет» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Күнделікті өмір мен жұмыс барысында айта-айта жауыр болғанмен, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер сол күйінде жиналып қалып жатыр. Сондықтан қазақ баспасөзі үшін игі өзгерістер қажет-ақ. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жүктің орнынан қозғалатын уақыты болған сияқты», дейді басылым.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бас прокуратура шулы істер жайында мәлімдеме жасады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, «Жәкішевті ісі» бойынша материалдар сотқа өткізілген. Сонымен қатар Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков материалдардың құпиялылығына қарамастан аталған ведомство сот процесін ашық режімде өткізуді ұсынып отырғандығын хабарлаған. Жазылған жайтқа қатысты толық мағлұматты басылымның жұма күнгі санынан оқи аласыздар.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлі. Сұхбат «Менің де кітапханам Әуезовтің кітапханасы сияқты сол күйінде сақталса деп алаңдаймын» деген тақырыппен жарияланған. Екеуара әңгіме барысында «Ел бірлігі» доктринасына қарсы Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялылары аштық жариялағалы жатқандығын атап өткен басылым тілшісіне ақын «Қазақстандық ұлт» деген сөзге қарсы болғанда, мен қол қойып бергенмін. Ал енді мұндай күрес тәсілі, әрине қазақтар үшін жақсылық емес. Жалпы, әлемдік принциптерге тым үйірсек болып кеттік. Мен өзі Өзбекстанның президентін онша жақтыра бермеймін. Бірақ соны қолдаймын. Елінің етек-жеңін қымтап отыр. Түріменбашы да сол. Қырсық болса да. Лукашенкоң да сондай. Ал біз дүниежүзілік саясат арқылы шығамыз дейміз. Дұрыс, шығайық. Бірақ сөйтіп жүріп қазақтығымыздан айырылып қалмасақ болды», депті.
Кеше елордада тау-кен металлургия қызметкерлерінің ІІ съезі өтті. «Айқын» басылымның жазуынша, осы алқалы жиынға қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы 10 жылдықта жаһан тағы бір экономикалық дағдарысқа жолығуы мүмкін деп топшылайтындығын жеткізген. Сондай-ақ сөз сөйлеген Премьер-Министр «Кен Қазақстан халқына тиесілі. Сіздер оны уақытша пайдаланып отырсыздар! Ол сіздердің меншіктеріңіз емес. Дағдарыс жағдайында біз салықтарыңызды төмендеттік. Сөйтіп, біршама қысым жойылды. Алайда тау-кен металлургия өнеркәсібі өнімдерінің бағасы шырқау шегіне жеткен кезде, рентаның бір бөлігін мемлекет жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салықты арттыру есебінен қиятын болады. Біздің ұстаным - осы, бұл жерде ешқандай басы артық үміткер болмауға тиіс», депті. Жазылған жайтты егжей-тегжейлі басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Капиталистік экономиканың негізі - бірде өрлеу, бірде құлдырау» деген мақаладан оқи аласыздар.
Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиын жайында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс К» газеттерінен де мақалалар оқуға болады.
***
«Түркістан» халықаралық саяси апталығында «1 миллион гектар қазақ жері және қытайлар» атты мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, Елбасы Астанада желтоқсанның 4-iнде өткен Шетел инвесторлары кеңесiнiң 22-шi пленарлық отырысында Қытайдың 1 миллион гектар жердi жалға алуға ниет бiлдiрiп отырғандығын мәлiм еткен. Бұған қарағанда Қазақстан үкiметi Қытайдың Қазақстанның иен жатқан далаларын игеруге деген ықыласына қарсылық бiлдiрмейтiн сыңайлы. «Бiздiң мемлекет осы 1 миллион гектар жердi игеруге өзгенi емес, сондағы қазақтың келуiне жағдай жасауы керек едi. Ендi қазақ даласына қытай қаптайтын болды. Бұрын ата-бабаларымыз «Жайықты келiп алғаны, жағаға қолды салғаны, Едiлдi келiп алғаны, етекке қолды салғаны» деп күңiренген едi. Ал, Қытайдың қолқа салғаны, кiм-кiмдi де ойлантуы тиiс болатын», дейді басылым.
«Дiнтану» пәнi секталарға тосқауыл қоя ма?». «Түркістан» газетінің жазуынша, осы жылдың тамыз айында Бiлiм және ғылым министрлiгi орта мектептердiң тоғызыншы сыныптарына биылғы оқу жылының екiншi жартысынан бастап «Дiнтану» пәнiн аптасына екi сағатпен (барлығы 34 сағат) енгiзу жөнiнде шешiм қабылдады. Тәуелсiздiк алған жылдан бастап елiмiзге шетелдерден әртүрлi сылтаумен келген дiни ағымдар мен секталар халқымызға, соның iшiнде мектеп оқушыларына да жағымсыз әсерлерiн тигiзе бастады. Сондықтанда, «ештен кеш жақсы» деп, бұл бастаманы халқымыз жылы қабылдап отыр.
«Түркiстан» газетiне сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын әлемдiк қауымдастықтың қалай бағалағаны, отандық және шетелдiк еңбек мигранттарының жағдайы, «Жол картасы» мен үкiметтiк шаралар туралы ой бөлiскен. Сұхбат «Қорсыз қалғандарға қиын» деген тақырыппен берілген.
«Бейсенбі күні Мәскеуде Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ресей астанасының мэрі Юрий Лужковпен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда екі елдің астаналары арасындағы өзара байланыстардың аясында қалыптасқан әлеуетті және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша әңгіме өрбіген.
Бұл жайындағы шағын ақпаратты «Егемен Қазақстан» газетінен де алуға болады.
«Литер» газетінің жазуынша, Қазақстанда әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына бәсекелес бола алатын университет құрылмақ. Бұл туралы «Астананың жаңа университеті» АҚ-ның тұсаукесер рәсімінде аталған білім ордасының президенті Аслан Саринжипов айтқан. Жаңа ЖОО қымбат әрі сапалы болмақ. Оның түлектері қазақстандық және әріптес шетелдік ЖОО-ның дпломын қатар алады.
«Кеше Астанада «Қазақстандағы парламентаризм: жай-күйі және дамудың жаңа көкжиектері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті», деп жазады «Экспресс-К» газеті. Аталған алқалы жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың және саяси партиялардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысқан.
Конференцияға қатысты егжей-тегжейлі жазылған мақалалар «Литер», «Айқын» басылымдарында да жарық көрген.