Бүгінгі заманда бос жүретін адам болмауы керек - Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі заманда бос жүретін адам деген болмауы керек. Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баяндамасын тыңдаған соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай пікір білдірді.
«Біздің мемлекетіміздің кедейшілікке қарсы жасайтын шарасы мен қамқорлығы - азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Халық мемлекет ұсынатын жұмыспен барынша қамтылуы шарт, жұмыс істегісі келетіндер шет қалмайды. Бұл бағыт жалғаса түседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар әлі де баршылық. Сондықтан да, жұмыссыздарды оқыту, оларды қолдау, шағын несиемен қамтамасыз ету басты назарда болады», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы бұл жұмысты тоқтатпау керектігін, орталық органдардан бастап барлық әкімдер бұған жауапты болатынын қадап айтты.
«Бос жүретін адам болмауы керек. Мына заманда қалай адам бос жүреді, айтыңдаршы?! Егер ауылда істейтін жұмыс қалмаса, несие алып кәсіп аш, мал бағып, құс өсір. Бұл болмаса қалаға келіп оқысын, жұмыс істеу үшін мамандық алсын. Бұдан артық біз не істейміз? Соны халыққа түсіндіріңдер. Мемлекет жұмыспен қамту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мұндай ауқымды қаражат бөліп, кешенді шара атқарып жатқан әлемде бізден басқа ешкім жоқ», - деді Н. Назарбаев.