13:29, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Бүгінгідей қиын кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін - Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бүгінгі дағдарыс заманында елді бірлікке, ынтымаққа шақырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қиындық атаулыны жеңетін бір ғана күш бар. Ол ? бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздікті, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін ол сондай қажет. Ел басына күн туған нелер қиын заманда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағымыз бен бірлігіміз емес пе еді?! Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы, кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен зұлмат жылдарында да өзінің ерлігін ынтымақ пен бірлік арқасында сақтап қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгістер мен қақтығыстар болып жатқанда татулық пен бірліктің арқасында жас мемлекетімізді жасақтап, өтпелі кезеңнен шығынсыз өттік. Бүгінгідей қиын қыстау кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін», деді Н. Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардан бұл істе бас болып, өзге отандастарға ұйытқы болуға, «әрдайым кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік» көрсетуге шақырды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», деген аталы сөзіміз бар. Олай болса, енді ұсақ-түйек пен берекесіз тірлікті доғарған жөн. Ел үшін, ұрпақ үшін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын!», деді Елбасы.