Бүгіннен әр азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тіркелген жеріндегі сайлау учаскесінде тексере алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап сайлаушылардың жаңартылған тізімдері учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында танысу үшін ұсынылады және әрбір сайлаушы өзі туралы деректерді тікелей сайлау учаскелерінде дауыс беру күніне дейін және сайлау күні тексере алады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясынан хабарлады.

Бүгіннен әр азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тіркелген жеріндегі сайлау учаскесінде тексере алады

Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын, сондай-ақ тұрғылықты жерінде тіркелгенін растайтын құжаттармен (мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабы) келіп, сайлаушылар тізімімен мұқият танысу қажет.

Мекенжай анықтамасын сайлаушы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО), «электрондық үкімет» порталында (электрондық-сандық қолтаңбасы - ЭСҚ-сы болған жағдайда) немесе ХҚО-да орналасқан ҚҚП-терминалдан ЖСН арқылы ала алады.

Тегі тізімде болмаған немесе өзі туралы деректерде дәлсіздіктер жіберілген жағдайда сайлаушы көрсетілген құжаттар негізінде өзін тізімге кіргізуді немесе қажетті түзетулер енгізуді талап етеуге мүмкіндігі бар.

Сайлаушылар туралы ақпаратты нақтылау үшін республиканың әрбір ауданы мен қаласында мамандандырылған Call-орталық құрылды. Ел бойынша олардың саны 441. Өзінің ауданындағы немесе қаласындағы Call-орталығына телефон шалып, сайлаушы сондай-ақ өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгені, қай сайлау учаскесінде тіркелгені туралы мәліметтерді біліп, сонымен қатар өзі туралы деректерді тексере алады. Call-орталықтарының телефондары туралы ақпарат жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Әскери бөлiмдер бойынша оларда тұратын әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскери бөлiмдерден тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi.

Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды төлқұжаты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген азаматтар учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасының азаматы деген жарамды төлқұжаты болса, сондай-ақ сайлаушылар тiзiмiне енгізілуі тиіс.

Жатақханаларда тұратын, күндізгі бөлімде оқитын студенттер мен аспиранттар жатақхананың тұрған жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі, ал жатақханада тұрмайтындар ХҚО-ға жүгініп, жатақхананың немесе ЖОО-ның орналасқан мекенжайы бойынша уақытша тіркеле алады. Бұдан кейін олар сондай-ақ жатақхананың немесе ЖОО-ның орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

Қазақстан Республикасының аумағында өзінің елді мекенінен тыс шыққан жағдайда елдің кез келген учаскесінде дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі мүмкіндік береді. Оны сайлаушы тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясында жазбаша өтініші мен жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы бойынша 10 сәуірден бастап 25 сәуір күні сағат 18.00-ге дейінгі кезеңде ала алады.

Сонымен қатар азамат уәкілетті тұлғаға өз атына есептен шығару куәлігін алу құқығына нотариат растаған сенімхатты беруге құқылы. Бұл басқа елді мекенге кетіп қалған, өз учаскесіне келу мүмкіндігі жоқ сайлаушылардың есептен шығару куәлігін алып, сайлауға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл ретте бір елді мекеннің шегінде есептен шығару куәліктері берілмейтінін есте сақтау маңызды.

Дауыс беру күні есептен шығару куәлігі мен сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясы оны барған жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді.