Бүгіннен бастап Қазақстан нарығына Hyundai Elantra үлгісінің бесінші буыны сатылымға шықты
АЛМАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгіннен бастап "Hyundai Motor Company" компаниясының еліміздегі ресми дистрибьюторлық Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы Қазақстан нарығына Hyundai Elantra үлгісінің бесінші буынын сатылымға шығарды.
Алматыда демалыс күні Hyundai Elantra-ның тұсаукесері болып өтті.
«Астана Моторс» КМК компаниясы Бас директорының орынбасары Антон Афониннің айтуынша, Elantra-ның алғашқы үлгісі 1990 жылы шыққан. "Бұның алдындағы төрт үлгі әлемдік ең үздік қалалық көліктері болып танылды. Бұнымен қатар, барлық үлгілер "ең тиімді автокөліктер" ондығына кірді. 90-шы жылдардан бері әлем бойынша осы көліктердің 6 миллионы сатылды. 2008 жылы Hyundai Elantra "Consumer Reports" танымал журналының "Top pick" («үздік таңдау») аталымын жеңіп алды, ал, "J.D. Power and Associates" маркетингтік фирманың зерттеу нәтижесі бойынша Elantra 2009 жылы, әлемге танымал жапондық компания өнімінен асып түсіп, compact car класының ең сенімді автокөлігі атанды",-деді ол.
Оның айтуынша, Elantra-ның бесінші буыны - Hyundai инженерлерінің көп жылғы тәжірибелерін бойына жинаған және заманауи, жоғарғы технологиялық өнім болып табылады. "Бесінші буын - ерекше дизайнды, ыңғайлы, әдемі, сенімді де, үнемді, қазақстандық жағдайға арналған автокөлік. Бір сөзбен айтқанда, көлік стиль мен функционалдылықты бағалайтын жандарға арналған десе болады",-деп атап өтті ол.
"Hyundai Auto Almaty" автокөлік орталығының сату бөлімінің бастығы Даурен Жүнісбековтың айтуынша, Қазақстанға Hyundai Elantra-ның үш - Base, Optima және Lux үлгілері ұсынылатын болады. "Еліміздің Hyundai дилерлік орталықтарында жаңа көліктердің бағасы 2 810 000 теңгеден - 3 537 000 теңге аралығында тұратын болады. Барлық көліктерге 5 жылдық кепілдік беріледі. Қазіргі уақытта көліктерді сатумен еліміздің барлық аумағында орналасқан 15 диллерлік орталықтар айналысуда",-деді ол.