Бүгін Брюссельде «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетіледі

Бүгін, 26 қыркүйек күні Брюссельдің Cinema Palace кинотеатрында «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Фильм мемлекет қолдауымен түсіріліп, 2022 жылы кинопрокатқа шықты. Бүгінде картина онлайн платформаларда орналасқан. Брюссельдегі көрсетілімді Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі ұйымдастырып отыр», – деді Мәдениет және ақпарат министрлігінен агенттік тілшісіне.
Айта кетейік, фильмді Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша «Aray Media Group» студиясы түсірген. Продюсері – Айгүл Байбек, ал музыкалық драманың режиссері – Айдын Сахаман.
Киножобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы қолдау білдірген.
Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалған. Басты рөлдерді актер Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сомдады.Танымал блогерлер мен вайнерлер Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи де дебюттік ролін ойнап шықты.
«Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өткен жылдың 27 қыркүйегінде өтті. Ал екі күннен кейін Қазақстанның барлық кинотеатрларына прокатқа шықты.
"Дос-Мұқасан" —1967 жылы құрылған эстрадалы вокалды аспаптар ансамблі. Негізін қалаған – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов. Топтың атауы да осы әншілердің есімінен құралған. Әр жылдары ансамбль құрамында Бақытжан Жұмаділов, Мейірбек Молдабеков, Шәріп Омаров, Құрманай Омарова, Нұртас Құсайынов, Ақжол Мейірбеков және тағы басқалары болды.
