Бүгін елімізде 5 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 28 маусымда еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 5 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология министрлігі хабарлады.

Орман өртін ерте анықтау жүйесіне ЖИ технологиялары енгізіліп жатыр
Фото: Үкімет

Өңірлер бойынша:

• Ақмола облысы – 1 өрт;

• Алматы облысы – 1 өрт;

• «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 2 өрт;

• «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – 1 өрт.

Өртті ерте анықтау жүйесі арқылы өрт ошақтары дер кезінде анықталып, жедел оқшауланды.

Орман күзеті қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМК мамандарының үйлесімді іс-қимылының арқасында өрттің таралуына жол берілмей, барлығы қысқа мерзімде толық сөндірілді.

Өрттің басым көпшілігінің шығу себебі найзағай разрядтары екені анықталды.

– Өрт қауіпті кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға және еліміздің орман байлығына ұқыпты қарауға шақырамыз, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 27 маусымда Қазақстан мемлекеттік орман қоры аумағында 3 орман өрті тіркелді.