Бүгін елтаңба авторларының бірі Шота Уәлихановтың туған күні

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Көзі тірі болса бүгін сәулетші, ақын, ғалым және қоғам қайраткері Шота Уәлиханов 93 жасқа келер еді.

ВАЛИХАНОВ Шота (Шот-Аман) Едресович
Фото: Gov.kz

Кеңестік және қазақстандық белгілі мүсінші, Қазақстанға еңбек сіңірген сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы елтаңбасы авторларының бірі Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы Уәлиханов Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі Айыртау ауданы Сырымбет ауылында (1932-2021) дүниеге келген. Қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпағы.

1956 жылы Мәскеу сәулет-құрылыс институтын сәулетші мамандығы бойынша бітірген.

1956-1959 жылдары Шота Уәлиханов еңбек жолын Алматы қаласындағы «Казгорстройпроект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастады.

1959-1965 жылдары КСРО құрылыс және архитектура академиясының Қазақ бөлімшесінде аспирантурада оқып жүріп, ол Қазақ қалалық құрылыс жобалау институтында сәулетші боп жұмыс істейді.

1965-1966 жылдары Алматыдағы Совет ауданында сәулетші болды. 

1966-1967 жылдары Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары болады.

1967-1971 жылдары «КазпромстройНИИпроект» институтының аға ғылыми қызметкері лауазымын атқарды. 

1971-1978 жылдары Мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болады.

1973-1982 жылдары Қазақстан Сәулетшілер одағы басқарма төрағасы, КСРО Сәулетшілер одағының хатшысы.

1982-1990 жылдары «Казграждансельстройдың» бас сәулетшісі, директордың орынбасары болады.

1990-1993 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі;

1993 жылдан бастап Қазақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының президенті; 

1996 жылдан Абылай хан атындағы халықаралық қордың президенті болды.

Қазақстан Сәулетшілер одағын басқарған кезде Шота Ыдырысұлы республикада жас сәулетші кадрлардың өсуіне, олардың шығармашылық еңбек етуіне көп күш жұмсады. Ол осы одаққа келгенде бес-ақ қазақ мүше болса, кейін олардың саны 300-ден асты.

Шота Уәлиханов «Динамо» стадионының, «Универсам» дүкенінің, Ш. Уәлихановтың, А.Жангелдиннің, Ғ. Мұратбаевтың ескерткіштерінің авторы, бірлескен автор. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы, Тәуелсіздік монументі жобалары авторларының бірі.
1995 жылы «Құрмет» орденімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Бұған дейін Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар