Бүгін – Қазақ киносының күні
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін - Қазақ киносының туған күні. Осыдан 87 жыл бұрын ең алғашқы қазақ дыбыстық фильмі «Амангелді» фильмі түсірілді. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды.
«Амангелді» көркем фильмі қазақ киносының тарихынан сүбелі орын алады. Қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында былай деп жазған:
«1937 жылы Ленин орденді «Ленфильм» киностудиясы толықметражды «Амангелді» дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм - ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз».
Ақиқатында сценарий жазуға Бейімбет Майлин де атсалысқан еді. Сол жылдардағы кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен Алаш арысының есімі титрден алынып тасталған. Қоюшы режиссеры - Мойсей Левин, операторы - Хечо Назарьянц.
Фильмге қазақтың ұлы актерлері түсті. Басты рөлді, яғни Амангелді бейнесін театр актеры Елубай Өмірзақов сомдаса, одан бөлек Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Рахметулла Салменов сияқты әртістер фильмге қатысады.
Тарихи революциялық, биографиялық фильм болғандықтан фильмнің көркем шығуы драматургиялық жұмыс, режиссуралық жұмыс пен актерлық жұмысқа байланысты еді.
Ал Алматы киностудиясы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен 1941 жылдың 12 қыркүйек күні құрылған. Ол 1960 жылы атауы «Қазақфильм» киностудиясы деп өзгертіліп, 1984 жылы оған қазақ кинематографиясының кемеңгер қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Соған сәйкес, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні ретінде аталып келеді.
Айта кетсек, биыл жыл басында Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа отырысында Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жай-күйі туралы пікір білдіріп, мемлекеттік қолдауға үміткер киножобалар байқауы өзгеретінін айтты. Сондай-ақ министр «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсетілмек.