Бүгін Қызылорда облысында 8 ауылдың әкімі сайланады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бүгін Қызылорда облысында 8 ауылдың жаңа әкімі белгілі болады.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, аудандар бойынша Аралда Бөген, Сазды, Қосаман, Қазалыда Алға, Тасарық ауылдық округтерінің тұрғындары өз таңдауын білдіреді.
Сондай-ақ Қармақшыдағы Т.Көмекбаев және Жалағаштағы Таң, Шиелідегі Телікөл ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілуде.
Мұнда барлығы 5880 сайлаушы дауыс беру құқығына ие болып отыр. Бұл бойынша 11 сайлау учаскесі құрылып, 59 комиссия мүшесі қызмет атқаруда.
Қазалылық Шамарановтар әулеті Тасарық ауылдық округіндегі № 77 сайлау учаскесіне отбасымен ерте келді. Әулеттің үлкені Болатбек Шамаранов шөбересімен бірге өз таңдауын жасады.
Айта кетсек, 8 ауылдық округ бойынша 26 кандидат сайлау бюллетеніне енгізілді. Оның 25-і өзін-өзі ұсыну жолымен, 1-і саяси партия атынан бақ сынауда.
Еске салсақ, бұдан бұрын тамызда Қызылорда облысында бір күнде аудан және 8 ауыл әкімінің сайлауы өткен еді.