Бүгін – Отан қорғаушы күні

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстанда Отан қорғаушы күні аталып өтеді.

Бүгін – Отан қорғаушы күні
Фото: Kazinform

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлығы жарияланды. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған. Бұл – ел тыныштығын қорғап, бейбітшілікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілерді құттықтап, құрмет көрсететін күн.

парад
Коллаж: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушы күні – әскери саладағы қыз-келіншектердің де мерекесі.

Қазақстан әскері құрылымында құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қамтылған.

Президент Қызыл алаңдағы парадқа қатысқан сарбаздарға құрмет көрсетті
Фото: Қорғаныс министрлігі

2012 жылы 7 мамыр мемлекеттік мереке болып жарияланды және демалыс күні саналады. Атаулы күн қарсаңында еңбегі сіңген сала мамандарына әскери атақтар беру және ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру дәстүрге айналғанын атап өту қажет.

Президент выступил на церемонии вручения государственных наград и воинских званий https://www.inform.kz/ru/prezident-vistupil-na-tseremonii-vrucheniya-gosudarstvennih-nagrad-i-voinskih-zv-07913f4b
Фото: Акорда

Осы орайда 6 мамыр күні Ақордада Отан қорғаушы күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін нығайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Біртұтас Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді. Наурыз айындағы конституциялық реформа – соның айқын дәлелі. Саяси науқан кезінде біз ең алдымен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, тарихи таңдауымызды жасадық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Мұны ұлт болашағына тікелей ықпал ететін аса маңызды шешім десек, қате болмайды, - деді Президент.

Президент мемлекеттік марапат және әскери шен тапсыру рәсімінде сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқанына назар аударды.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Кейінгі жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Астанада бұл мерекеге орай әскери қызметті насихаттауға және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарлама өтеді.