Бүгін Париж Олимпиадасының соңғы күні

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында 26-шілдеде алауы тұтанған Париж Олимпиадасы бүгін мәресіне жетеді. Салтанатты жабылу рәсімі Астана уақытымен 23:00-ге жоспарланған.

Париж олимпиадасы
Фото: OLYMPIC.KZ

Ойындардың жабылуын тікелей эфирден 23:15-те Qazaqstan, Qazsport және Хабар телеарналарында көруге болады.

Жабылу салтанаты қызықты халықаралық шоу жұлдыздарының ән шашуымен басталып, Олимпиада алауын 2028 жылы келесі ойындарды қабылдайтын Лос-Анджелес қаласының мэріне тапсырумен аяқталады.

Аталған шара «Стад де Франс» стадионында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы әзірге 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпы медалдар кестесінде 41-орында тұр.

Қазақстандықтар Париж Олимпиадасының жабылу салтанатын Jibek Joly арнасынан тікелей эфирде көре алады.