Бүгін Павлодардағы оқушылардың 44 пайызы мектепке бармай қойған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оқушылардың сабақты босатуына әлеуметтік желіде мектептерге қылмыстық шабуыл жасалады деген жалған ақпараттың таралуы себеп болған. Білім беру бөлімі ата-аналардан арандатушыларға ермеуді, тек ресми ақпаратқа сенуді сұрап отыр. 

мектеп
Фото: Pixabay

Павлодар қаласындағы мектептерде таңертеңгі ауысымда 10 400, түстен кейінгі ауысымда 11 500 бала сабаққа келмеген. Қалалық білім беру бөлімі өзге оқушылармен оқыту процесі штаттық режімде өтіп жатқанын хабарлады.

- Барлық педагогикалық ұжым жұмыс орындарында. Күзет агенттіктері қарқынды жұмыс істеуде, бейнекамераларға мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, полиция басқармасының қызметкерлері қаланың әр мектебіне кезекшілік етуде. Бүгінгі күні мектепке оқушылардың 44 пайызы сабаққа келмеді, оның 12 пайызы дәлелді себептермен (денсаулық жағдайына, өтініш және басқа себептер бойынша) босатты, - деп хабарлады қалалық білім беру бөлімі.

Павлодар қаласының барлық мектептері ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген ережелерге сәйкес террористік тұрғыдан осал объектілердің үшінші тобына жатады. Бұл топ сигнализация жүйесімен, аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне не күзет қызметі субъектілерін орталықтандырылған бақылау пультіне шығаруы бар дабыл түймесімен, бейнебақылау жүйесімен, бейнебақылауды ЖБО-ға, не аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне бере отырып, бейнебақылау жүйесімен, сондай-ақ кіруді бақылау және басқару жүйелерімен (турникеттер) жарақтандырылуға тиіс.

Бұл шаралар барлық ұйымдарда қабылданған. Эвакуациялау жоспарлары әзірленіп, әр қабатқа ілінді. Бұдан басқа, әрбір тоқсанда полиция департаменті, ТЖ басқармасы бірлесіп қызметкерлер мен оқушыларды ақпараттандыру мақсатында қала мектептерінің базасында оқу-жаттығулар, дәрістер өткізеді

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Павлодар мектептеріне белгісіз тұлғалар қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарап, аталған факті бойынша Полиция департаменті тексеру жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар