Бүгінгінің батыры: Алматы облысының әкімі Ақжол Геройды марапаттады

марапат
Фото: Алматы облысы әкімдігінен

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданы тұрғындарына есеп беру кездесуінде жолаушылар автобусын апаттан аман алып қалған оқушыны марапаттады, деп хабарлайды Kazinform.

Сегізінші сынып оқушысы Ақжол Герой облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолынан «Алғыс хат» пен iPhone 15 телефонын салтанатты түрде алды. 

«Мұндай әрекеттер ерекше алғыс пен құрметке лайық. Біз барша жастарға үлгі болуы тиіс өңіріміздің жас батырын мақтан тұтамыз», - деді Алматы облысының әкімі.

Сондай-ақ өңір басышсы бұл іс ерлік пен батылдықтың, жауапты істің үлгісі екенін атап өтті.  

Еске салайық, 22 қараша күні Алматы облысында 8 сынып оқушысы автобусты тоқтатып, жолаушыларды құтқарып қалған болатын. 

Кеше Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев бала оқитын мектепке барып, оған ноутбук, тәтті салынған себет, ал ата-анасына ұлдарын жақсы тәрбиелегені үшін алғыс хат табыс етті. 

Соңғы жаңалықтар