Бухгалтерлер енді жеке тұлға ретінде әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін

бухгалтер
Фото: Жамбыл облысы прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде бухгалтерлерге әкімшілік жауапкершілік күшейтілмек. Қазір Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

«Менің сұрағым - Қазақстан Республикасының бухгалтерлік және қаржылық есеп туралы заңнамасын бұзу туралы Қылмыстық кодекстің 241-бабын толық қылмыстық сипаттан арылтуға байланысты. Бухгалтерлердің жауапкершілігін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 239-бабына ауыстыру ұсынылып отыр. Бұл ұсынысты мен қолдаймын. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің қолданыстағы 238-бабында бухгалтерлердің жауапкершілігі қарастырылған. Неліктен олар бапқа өзгерістер енгізіліп отыр?» — деген сауал қойды Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков.

Сауалға Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан жауап берді.

Абзал Құспан
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте заңды тұлғалардың жауапкершілігі көзделген. Біз енді жеке тұлға ретінде де жауапкершілікке тартуды енгізіп отырмыз, яғни қылмыстық істен алып әкімшілік жауапкершілікке алмастырдық. Бұрын тек заңды тұлғалар жауапқа тартылып келді, енді жеке тұлға ретінде әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын боламыз», — деді А. Құспан.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттігін айтқан-ды. Президенттің дәл осы тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы Мәжілістің қарауына түсті. Құжат депутаттар тарапынан бүге-шігесіне дейін талқыланып, жан-жақты сүзгіден өткізілмек. Осы орайда, Kazinform Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң жобасы авторларының бірі Абзал Құспанмен сұхбаттасқан болатын.

Соңғы жаңалықтар