Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тапсырыс туралы алқалы жиын өтеді

Бұл шараны «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры, Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі мен Сорос-Қазақстан қоры бірлесіп ұйымдастырып отыр. Оған қазақстандық медиа-заңгерлер, тілшілер, БАҚ иелері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері және Ресей, Латвия, Грузиядан халықаралық медиа-сарапшылар қатысады. Мақсат - БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыстың айқындылығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеу.
Жыл сайын тек ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ғана мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қазақстандық БАҚ-тарға 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұдан бөлек шамамен дәл осындай көлемдегі қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады. Бұл алқалы жиынға қатысушылар - Бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі қалай есептеледі? Қазіргі жүйе отандық медиа-нарықтағы бәсекелестіктің дамуына өз үлесін қосып жатыр ма деген сияқты өзекті сауалдарды бірлесіп талқылайды. Шара кезінде соңғы жылдары Қазақстандағы ақпараттық саясатты жүргізуге мемлекеттік тапсырыс алушылардың электронды базасы да таныстырылады. Сондай-ақ халықаралық Article 19 ұйымы дайындаған, осы саладағы еуропалық тәжірибе сараптамасы талқыға салынады.