Бұқаралық шараларға қатысушыларға тыйым салулар мен шектеулер енгізіледі - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
None
None

Аталған құжат спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Бұл ретте шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.

Бұдан бөлек, бұқаралық шаралар өткізетін орындарға алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы өнімдерді әкелуге тыйым салынады. Сценалар мен ареналарға адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген затты лақтыруға заңмен тыйым салу ұсынылған. Тұтастай алғанда, спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу ережелерін реттейтін құжат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Мәдениет туралы» және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдарына түзетулер енгізуді көздейді. Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілмек.

Соңғы жаңалықтар