Бұқаралық спорт: 2 мыңнан астам оралдық жүгіру шарасына қатысты

Оған облыс пен қала басшылары бастаған екі мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.
Көпшілікпен бірге 2,5 мың метр қашықтықты жүгіріп өткен облыс әкімі Алтай Көлгінов мәреде жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, аталмыш шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылғанын жеткізді.
Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында сондай-ақ велошеру және шаңғы жорықтары өткізіліп келе жатқаны белгілі. Облыс спортшылары 2017 жылы дүниежүзілік, құрлықтық және республикалық жарыстарда көптеген медальдарды жеңіп алды. Өңірде спорт түрлерін барынша дамытуға көңіл бөлінуде. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Сондықтан бүгінгі шара төрт жылда бір рет өтетін осы айтулы додаға қатысып, ел намысын қорғайтын Қазақстан спортшыларына арналып отыр.
Шарадан кейін лотерея ойнатылып, ұтыс иелері бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетейік, алдағы қысқы Олимпиада ойындарында Батыс Қазақстаннан шорт-трек шеберлері Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев өнер көрсетпекші.