Бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды реформалар қажет - халықаралық конференция

АНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де 7-Қысқы Азия ойындарына арналған «Дене тәрбиесі және спорттың қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
None
None

Конференция жұмысына Ресей, Украина елдерінен келген ғалымдар мен спорт мамандары, Қазақстанның жаттықтырушылары мен сарапшылар, Әлем біріншіліктерінің, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатысты.

Онда бұқаралық спорттың өрісін кеңейту, теориялық мәселелер және спорттық жобалардың іске асырылуы тәжірибелері талқыланды.

«Қазақстан экономикада ғана емес, спортта, саясатта реформа жасай алатынын, оған толық құқығы бар екендігін дәлелдеді. Астана мен Алматы қалаларындағы жабық спорттық кешендер, бассейндер, шаңғы жолдары мен трамплиндердің салынуы еліміздің экономикалық әлеуеті мен оның халықаралық сахнадағы беделін айқындай түсті. Біз - дене тәрбиесі саласының адамдары мемлекетте спортқа деген қолдауды сезінеміз», -дейді ЕҰУ-дің спорт кафедрасының меңгерушісі, доцент Асқар Жұмаділханов.

Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды реформаларды қолға алу керек. Ол үшін, А. Жұмаділханов, елдің шалғай елді мекендерінде, аудандарда және ауылдарда жасанды спорт алаңдарын салу, спорттық кооперативтерді және әрбір аулада спорттық клубтарды құру арқылы қоғамды спортқа және дене тәрбиесіне тартуды қолға алу қажет деп санайды.

«Нарықтық экономика болғандықтан, ол клубтар өзін-өзі басқару жүйесімен жұмыс жасауы керек. Клубтарда аула тұрғындары қатарынан өз ұжымы құрылуы тиіс. Сонымен қатар олар түрлі жобаларға белсенді араласып, тартылып отыруы қажет. Сонда ғана біз балаларды, жастарды бұқаралық спортқа баули аламыз», - деп атап көрсетті ол.

Жиын соңында конференцияға қатысушылар тиісті қарар қабылдады. Спорт және дене тәрбиесі саласының теориясына, оқу зертханаларын ашуға және рекреациялық бөлімшелерді құруға қатысты нақты ұсыныстар әкімдіктерге, ЖОО-ның басшыларына, ғылыми-зерттеу орталықтарына жолданады.

Соңғы жаңалықтар