Бүкіл қазақстандықтарды еліміздің болашағын бірге құруға шақырамын – Мәулен Әшімбаев

«Конституцияға ұсынылып отырған өзгертулерді 4 блокқа бөлуге болады. Біріншісі – Қазақстанда адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіруді қамтиды. Бұл бағытта Конституциялық сот құру, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен тәуелсіздігін нығайту және басқа да нормалар жұмыс істейді.
Екіншісі – биліктің өкілдік органдарының, атап айтсақ, Парламент пен мәслихаттардың орталықтағы және жер-жердегі жұмысын тиімді ете түсуге бағытталады.
Сондай-ақ, депуттардың халық алдындағы, ел азаматтары алдындағы жауапкершілігін жоғарылату көзделіп отыр», - деді Сенат спикері.
Оның айтуынша, түзетулердің үшінші бөлігі жергілікті билік органдарының өз бетімен жұмыс істеу қабілетін нығайтуға бағытталады.
«Әкімдер халықтың әлеуметтік бақуатын арттыруға бағытталған шараларды іске асыруы керек.
Төртіншісі – билікті монополиясыздандыру, Қазақстандағы саяси бәсекелестікті арттыру. Саяси партиялар өзара бәсекеде болуы керек. Президент лауазымындағы адам қандай да бір партияның мүшесі бола алмайды. Ұсынылып отырған түзетуде бұл мәселе айқын жазылған», - деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өтетін референдумға байланысты Қазақстан халқына бейнеүндеу жолдады .