Бүкіл Теміртаудың жылу жүйесіне тот басқан құбыр салмақ болған басшы 8 жылға сотталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қалалық соты «Оқжетпес-Т» ЖШС мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы директоры Ерлан Өтешевті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүкіл Теміртаудың жылу жүйесіне тот басқан құбыр салмақ болған басшы 8 жылға сотталды

Ол бүкіл Теміртау қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін алынатын жаңа құбырлардың орнына тот басқан ескі құбырларды пайдаланбақ болған.

Судья Айдар Михибаев іс материалдарымен танысып шығып, Өтешевтің ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігіне сәйкес қылмысы дәлелденді деген қорытындыға келді.

Екінші сотталушы - «ҚазТемірСтил» ЖШС менеджері Андрея Скляренкоға үкім жеке тәртіпте оқылады. Судья оған қатысты бөлек іс өндірісін ашқан. Өйткені ол прокуратурамен айыбын мойындау туралы өндірістік келісімге келген. Скляренкоға 6 жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілуі мүмкін. Түрмеден құтылуына оның прокуратурамен ынтымақтастық жасағаны және қазірдің өзінде жеткізілген материалдық залалдың орнын жауып жатқаны себеп болды.

Бухгалтерлік сот сараптамасының анықтауынша, мемлекеттік компанияға осы алаяқтық істен 27 миллион 575 мың 416 теңге зиян келген.