Бүкіләлемдік банк Африкадағы пайдалы қазбаларды іздеуге 1 млрд. доллар бөледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік банк Африкадағы пайдалы қазбалар картасын жасау мақсатында арнайы қор құрып, оған 1 млрд. АҚШ доллар көлемінде қаржы құймақ, деп хабарлайды cnews.ru.
Аталған қор 5 жыл бойы спутниктер мен авиациялық платформаларды қаржыландырады. Осылайша Африка құрлығындағы геологиялық деректер бойынша кемшіліктердің орны толтырылмақ. Пайдалы қазбалар туралы ақпараттың аздығы Африкадағы тау-кен өндірісіне инвестиция құюда қиындық тудырады. Оның салдары көптеген шиеленістерге әкеп соқтырады.
«Қиын-қыстау заманда тау-кен өндіру компаниялары қаржыны белгісіз салаға салып, көзсіз тәуекелге бел буа алмайды. Шикізат бағасы қазір арзандап кетті. Компаниялар инвестициялық бюджетін қысқартуда. Сондықтан анық табысты қамтамасыз ете алатын нақты ақпараттың қажеттілігі күннен күнге артуда», - дейді Бүкіләлемдік банктің тау-кен өндірісі бөлімінің аға менеджері Пауло де Са.