16:38, 24 Тамыз 2014 | GMT +5
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Мигель Коттоны Головкин-Рубио жұбының жеңімпазымен кездесуге міндеттеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) осы ұйымның нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы Мигель Анхель Коттоны WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі ( 72,574 кг дейін) Әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен WBС нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі (72,574 кг дейін) уақытша Әлем чемпионы мексикалық Марко Антонио Рубио арасындағы жеңімпазға қарсы өз атағын сақтап үшін кездесу өткізуге міндеттеді.

Айта кетелік, Мигель Котто үстіміздегі жылы маусым айында Аргентиналық боксшы Серхио Мартинесті айқын басымдықпен жеңіп, WBC нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы атанған болатын. Содан бері Котто Головкинмен кездесуге ешбір ниет білдірген емес.
Бірақ оның жаттықтырушысы Фредди Роуч өз сөзінде:
«Головкин әлі нағыз бокс жұлдызы емес. Сондықтан онымен кездесу - Коттоға анау айтқандай табыс әкелмейді, - деген болатын.
Ал Коттоның өзі таяуда мексикалық боксшы WBC нұсқасы бойынша бірінші орта салмақ дәрежесіндегі бұрынғы Әлем чемпионы мексикалық Сауль Альвареспен кездескісі келетіндігін жеткізді. Бірақ бұл үшін оған енді өзінің биыл жеңіп алған чемпиондық атағынан бас тартуына тура келеді.