Бүкіләлемдік бокс сериясы додаларда төрелік барысында компьютерден бас тартуы тиіс - «Астана арландарының» басшылығы
АСТАНА. ҚазАқпарат - WSB-ның алдағы конференциясында ұйымдастырушылардан компьютерлік техниканы пайдаланбай, төрелік жасаудың бұрынғы әдістеріне көшуді талап етеміз.
Бұл туралы бүгін Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) «Астана арландарының» IV маусымын қорытындылауға арналған конференцияда команданың бас директоры Болат Манкенов мәлім етті.
«Бұл жоба жалғасын табуы тиіс, себебі ол шынымен де инновациялық. 5-6 маусым айында бұл тартысты доданың келесі маусымы бойынша WSB-нің үлкен конференциясы өтеді. Біз онда клубтың ғана емес, сонымен қатар жанкүйерлердің де мәселелерін көтермекпіз. Сонымен қатар онда жобаның кейбір кемшіліктері, оның ішінде төрелік жасау мәселелері қаралады», - деді Б. Манкенов.
Оның сөзіне қарағанда, клуб басшылығы төрелікке байланысты бірқатар ұсыныстарды даярлап отыр.
«Осы орайда ол төрелік бойынша бұрынғы ережелерге қайта оралуға басымдық бермекпіз. Бүгінде бүйірдегі бес төреші шақырылып, осы төрешілердің шешімі қабылданады, содан кейін екі төрешінің шешімі компьютермен еленіп, жеңімпаз таңдалады. Бұл тұрғыда біз үшін түсініксіз көптеген мәселе бар. Осы орайда төрешілердің шешімі ашық әрі түсінікті болуын қалаймыз. Яғни, даулы мәселелер туындаған кезде ұйымдастырушылардың компьютерге немесе қандай да бір техникаға сүйенуі орынсыз», - деді «Астана арландары» командасының бас директоры.