Бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сынындағы алғашқы кездесу «Астана арландарының» пайдасына шешілді

ГУЯНГ. 7 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше түнде Қытайдың Гуянг қаласында «Астана арландары» мен «Париж юнайтед» командалары арасында Бүкіләлемдік бокс сериясының ақтық сайыстарының 1-кезеңі өтті.
None
None

Онда қазақстандықтар қарсыластарын 3:2 есебімен ұтты. Алғашқы ұпайды ең жеңіл салмақта (54 кг) жұдырықтасқан Қанат Әбутәліпов иеленді. Ол француздардың грузиялық легионері Гиорги Килановтан (49:48, 47:48, 47:48) басым түсті. Алайда Қанаттың жеңісті жолы 61 келідегі Мерей Ақшаловқа жұғысты болмады. 2-раундта сол жақ қабағы жарылған астаналық боксшы Рашид Аззединге (48:47, 48:47, 48:47) есе жіберді. «Астана арландары» жанкүйерлерінің ендігі үміті 73 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Қанат Сіләм болатын. Қанат үмітті толық ақтады. 1-раундтың алғашқы минутында-ақ қарсыласының қуатты соққыларынан естен танудың алдында тұрған Стефан Невасты бапкері құтқарып қалды. Егер ол алаңға орамал лақтырып жеке-жекті тоқтатпағанда «Париж юнайтед» командасының құрамындағы бұл боксшысының жағдайын болжау көрерменге аса қиынға түспес еді. Бокс жанкүйерлері Гуянг университетінің 3 мың орындық спорт кешенінің ішін жаңғырта қошемет көрсетті. Алайда бұл жағымды аура қазақстандықтардың өзбекстандық легионері Рамжон Ахметов пен француздардың үмітін арқалаған хорватиялық Сеп Хрвоженің (85 кг) арасындағы кездесуде өз жалғасын таба алмады. Онда сәл ғана басымдықпен Рамжон жеңіске жетті. Бұдан кейін «Астана арландарының» жеңісіне ешкімнің күмәні қалмады. Дегенмен аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев пен Тони Йока (+91 кг) арасындағы жекпе-жек жанкүйерлер ойлағандай болмады. Қапталдағы төрешілер шешімімен алаңдағы судья Тонидің қолын көтеріп, «Париж юнайтедтің» есеп айырмасын қысқартуына мүмкіндік берді. Әзірге жалпы есеп 3:2 нәтижесімен «Астана арландарының» еншісінде. Енді жарыстың бүгінгі түнде болатын екінші жартысы қос команда үшін де аса тартысты өтеріне ешкім күмән тудыра алмасы анық. Онда бұл жолы Міржан Рахымжанов пен ирландиялық Джон Джозеф Невин, Ержан Мүсәпіров пен Абделкадер Шади, Бақыт Сәрсекбаев пен Мишел Таварес, Марат Молдагереев пен Абдулкадер Бухениа, өзбекстандық Сардор Абдуллаев пен хорватиялық Филипп Хргович өзара күш сынасады.

Соңғы жаңалықтар