Бүкіләлемдік бокс сериясының финалында Милан мен Мәскеу қалаларының командалары кездеспек
АЛМАТЫ. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше Мәскеуде Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында Мәскеудің "Динамосы" мен "Астана арландары" командаларының жартылай финалдық ойындарының қарымта кездесуі өтті.
Ол қазақстандықтардың өзбекстандық легионері Рафикжон Султонов ресейліктердің тәжікстандық легионері Анвар Юнусовтың жекпе-жегімен басталды. WSB рейтингінде алтыншы орында келе жатқан Анвар өзінен жиырма саты артта келе жатқан Рафикжоннан Астанада кеткен есесін қайтара алды. Одан кейін WSB рейтингінде 25-орында тұрған Ержан Мүсәпіров 1-сатыда тұрған Адлан Абдурашидовтың (61 кг) осал тұсын таба алмады. Мұндай жағдай Қанат Ислам мен Максим Газизов (73 кг) арасындағы кездесуде де қайталанды. Рейтингте 7-орында тұрған Максим 15-сатыда келе жатқан Қанаттан 48:47, 48:47, 48:47 есебімен айласын асырып кетті. Одан кейін қазақстандықтардың 85 келі салмақтағы алжирлік легионері Абдельхафид Бенчабла (WSB - 8) да украиналық Олександр Гвоздиктен (WSB - 11) дәл осындай есеппен жеңіліс тапты. Аса ауыр салмақтағы алжирлік Шуайб Болодинатс (WSB - 4) пен Виталий Кудухов ( WSB - 11) арасындағы ақтық кездесуде техникалық нокаутпен ресейлік кезекті жеңісіне қол жеткізді. Қорытынды есеп 0:5. Енді мамыр айында Лондонда өтетін ақтық финалда Милан мен Мәскеу қаласының командалары кездеспек. Миландықтар да жартылай финалдағы алғашқы кездесуде бакуліктерге 2:3 есебімен ұтылған еді, кеше өз алаңындағы қарымта кездесуде 5:0 есебімен есе қайтара алды.