Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы адамзаттың рухани элитасының күштерін біріктіру мақсатында қолға алынған шара -Е. Сағадиев
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Адамзаттың болашақтағы қауіпсіз әрі тұрақты дамуы оның рухани мәдениетінің деңгейімен байланысты. Ал қазіргі замандағы рухани мәдениет терең дағдарыста жатыр», деді бүгін Мәжіліс депутаты Кенжеғали Сағадиев Мәжілісте «Жаһандық стратегиялық бастама» атты тақырыпта өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының секциялық мәжілісінде.
Депутаттың пайымдауынша, рухани мәдениеттің төмендігі қазіргі замандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Егер бұл үдеріс осы қалпында жалғаса беретін болса, жақын болашақта ол адамзат өркениетіне елеулі қауіп төндірмек. «Рим папасы Иоанн Павел II өлер алдында тап осы мәселе жөнінде айтап кеткен еді. Әлемнің түкпір-түкпірінде өте жоғары деңгейде ойлай білетін азаматтардың барлығы қазір адамзаттың дамуы рухани мәдениетпен байланысты екендігін мойындап отыр. Соған орай әлемде түрлі акциялар мен жобалар жүзеге асырылуда. Олардың барлығы да рухани мәдениетті көтеруге бағытталған. Алайда бұл бағыттағы іс-қимылдар өте әлсіз ұйымдастырылған. Біздің кеше ғана ашылған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумымыз адамзаттың рухани элитасының басын қосып, олардың күштерін біріктіру мақсатында қолға алынып отырған шаралардың бірі», - деді депутат.