Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын қазақстандық брендке айналдыру қажет - Т.Мұхамеджанов
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы өзінің нәтижесін берді. Бұл -жиынға қатысушы азаматтардың пікірлері. Олардың барлығының пікірлері бір жерден шықты. Біз бүгін осы жиын бойынша қорытынды құжатымызды қабылдадық. Алайда оны әлі де болса талқылау қажет. Сондықтан үндеуді түпкілікті шешім деуге болмайды». Бүгін Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумынан соң журналистермен кездескен сенатор Төлеген Мұхамеджанов осылай деді.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының 16 сессиясында форум мүшесі, әйгілі әнші Полат Бюль-Бюль Оғлы форумды екі жылда бір рет Астанада өткізіп тұру қажет деген өзінің ұсынысын айтқан. «Бұл әрине форумға қатысушылардың пікірі. Олар Астананы дүниежүзінің рухани астанасы ретінде қабылдап, жиын да осы жерде өтуі керек деген ойларын білдірді. Жалпы, аталмыш форумды өткізуді бізден сұрап жатқан ел көп. Мысалы, біз бүгінге дейін жиынды өткізу туралы ресми түрде Үндістаннан, Болгариядан хат алдық. Шараны ұйымдастыруға ресейліктер де пейілді екендіктерін білдіруде. Яғни, форумға деген ұмтылыс бар. Ал Полат Бюль-Бюль Оғлының ұсынысы әлі талқыланады деген ойдамын. Жеке менің пікірімше жиынды біз өзіміз ұйымдастырып, оны брендке айналдыруымыз керек. Өйткені ол біздің елімізді үлкен абыройға бөлейтін игі шара»,- деді сенатор.