Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумына қатысуға 70-тен астам елден өтініш келіп түсті - Т.Мұхамеджанов

АСТАНА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмиа Әлиакпарова/ - Қазақстанның бастамасымен дүниежүзінде алғаш өткізілгелі отырған Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумына қатысуға бүгінгі күнге дейін 70-тен астам елден өтініш келіп түсті. Бұл туралы бүгін Астанада форумды ұйымдастыру аясында американдық белгілі әртіс Эдриан Броудимен бірге баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті.

Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумына қатысуға  70-тен астам елден өтініш келіп түсті - Т.Мұхамеджанов

«Форумға дайындық қызу жүріп жатыр. Бүгін біз 70-тен астам елден 500-ден астам адамның форумға қатысу туралы келісімін алдық. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп отыр, себебі, қатысамын деушілер өте көп. Форум әлемге танымал көптеген адамдардың шынайы қызығушылығын тудыруда», - деп атап өтті ол.

Т.Мұхамеджановтың сөзіне қарағанда, дүниежүзілік ауқымдағы іс-шара аса жоғары деңгейде өтеді деп күтілуде. «Себебі оған әлемге танымал көптеген адамдар келеді. Және біздің елде болашақ үшін, жалпы адамзат өркениеті үшін ізгі ниеттер айтылады. Ең бастысы бұл адамдар Қазақстан деп келе жатқанын түсіну керек», - деді.

Форумға қазақстандық тараптан қатысушы ретінде алғашқы тіркелгендердің арасында Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ғаділбек Шалахметов бар. Сенатор, олардың қатарынан, сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлері мен жастарды да көргісі келетінін қадап айтты. Ол үшін тек www.astanaforum.kz сайтында тіркелу қажет.

Бүгінгі баспасөз мәслихаты форум қатысушыларының бірі, танымал американдық әртіс Э.Броудимен өтсе, алдағы күндері аталмыш форумның тағы бір қатысушысы, «Одиссей» фильмінде ойнаған Арманд Ассанте Астана қаласына арнайы келеді.