Бүкіләлемдік туристік ұйым Өзбекстан жобаларын қолдауға ниетті

Өзбекстан басшысы қонақты қарсы алып, туризм саласында БҰҰ мамандандырылған институтымен қарқынды және жемісті ынтымақтастықты атап өтті.
Өзбекстан Бүкіләлемдік туристік ұйымға 1993 жылы мүше болған еді, 2004 жылдан бастап Самарқандта оның Ұлы Жібек жолы бойынша өңірлік кеңсесі жұмыс істеуде.
Кездесуде туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бағыттары талқыланды. Өзбекстанмен Орталық Азияда туристік бағыттарды дәріптеу бойынша үйлестіру шараларын жүзеге асыру, туризмнің жаңа түрлерін дамыту мен сұранысы жоғары туристік өнімдерді дайындау, халықаралық талаптарға сай және заманауи инфрақұрылым құру мәселелеріне баса назар аударылды.
Талеб Рифаи Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, елдегі жүзеге асырылып жатқан туризмді дамыту реформаларына жоғары баға берді. Ол Бүкіләлемдік туристік ұйымның Өзбекстанда туризмді дамыту жобалары мен бағдарламаларына белсенді қатысып, қолдау көрсетуге ниетті екендігін мәлімдеді.
Бұдан бұрын Шавкат Мирзиёев Самарқандқа Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың жерленген жеріне барып қайтқан болатын.