Бүкілресейлік додада түмендік қазақ дзюдошылары командасын алға шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Самара қаласында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында дзюдодан Бүкілресейлік командалық жарыс өтті. Бұл додада Ресей Федерациясының Тергеу комитеті төрағасының сыйлығы үшін көрші елдің облыстары мен республикаларынан келген спортшылар татамиде күш сынасты. Жарысқа Ресейдің әр өңірінен келген 14 команда қатысты.

Бүкілресейлік додада түмендік қазақ дзюдошылары командасын алға шығарды

Ресейде дзюдо күресі қарқынды дамып келе жатқаны жасырын емес. Аталған жарыстың финалдық кездесуін Ресейдің «Боец» телеарнасы көрсетті. Командалық сайыстың соңғы кездесуіне Түмен облысы мен Татарстан Республикасының палуандары шығып, бас жүлдені сарапқа салды. Қорытындысында 5:4 ұпайымен түмендік дзюдошылар жеңімпаз атанды.

Осы жарыста қазақстандық спорт сүйер қауым үшін де жағымды жаңалық болды. Айта кету керек, Ресей де көп ұлтты мемлекет. Түмен облысында тұратын қандастарымыз да аз емес. Финалдық кездесуде 46 келі салмақта татамиге шығып, татарстандық қарсыласы Роман Винокуровты тамаша әдіспен жеңіп, командасына алғашқы ұпайды сыйлаған Нұрсұлтан Бексұлтанов болды. Төреші оның әдісін «иппонға» бағалады. 50 келіде күш сынасқан оның ағасы Бексұлтан қарсыласына есе жіберді. Бес жұп шыққаннан кейін, татарстандық команда 3:2 есебімен алға шыққан болатын. Алайда, 73 келіде Андреянов Денисті ұтқан Азат Балтабаев есепті 3:3 етіп теңестірді. Міне, Ресейде тұратын қандастарымыз да тамаша нәтижелерімен қуантып отыр.

Ал аталған жарыстың 81 келі салмақ бойынша финалдық кездесуінде Эльдар Аллахбердиев пен 90 келіден жоғары салмақтағы Артур Камалов қарсыластарынан басым түсіп, түмендік команданы жеңіске жеткізді.

Мәскеудің Ногинский ауданы мен Самара облысының командалары қола жүлдеге ие болды.