Бүкіл билік жүйесін жаңғырту жүріп жатыр — Президент Құрылтай сайлауы туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында жақында өткен Құрылтай сайлауы туралы пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

— Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті, — деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті.

— Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, солардың ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар.

— Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл — қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс, — деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өтті. Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылған.

— Сайлаушылар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалды. Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасуда, — деді Президент.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысты.

Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.

Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.

Сондай-ақ Жаңа Конституция білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр.