«Букмекерлiк кеңселер басқа ғимаратқа көшедi» - баспасөзге шолу

« Егемен Қазақстан » газетiнiң бүгiнгi санында ҚР Президентiнiң Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары жайында « Орал өңірінде өркенді істер көп » кең көлемдi мақала жарияланды.
Мұнда Мемлекет басшысы «Жастар қуатты Қазақстан үшін» атты республикалық форумға қатысып, сөз сөйледі. Оған жиналған екі мыңнан астам өрендер арасында қазақстандық талантты жастардың үлкен шоғыры - ғалымдар мен спортшылар, кәсіпкерлер, шығармашыл және жұмысшы жастар өкілдері бар болатын. Елбасы оларды форум жұмысының басталуымен құттықтап, елдегі жарқын бастамалардың белсенді қатысушылары екенін атап көрсетті.
Форумда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы спортшы жастардың жетістігіне көңілі толатынын айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Илья Ильин, Геннадий Головкин, Денис Тен, Александр Винокуров секілді Олимпиада жеңімпаздары есімдері бүкіл әлемге танымал екенін атап өтті. Олар қазақстандық жастардың бүгінгі буыны үшін үлгі болмақ. Қазіргі күні елімізде 1500 спорт нысаны, стадиондар, хоккей және теннис корттары жұмыс істейді. Оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда. Айталық, Оралдағы теннис корты Қазақстан теннис федерациясының көмегімен салынған. Мұнда болашақ чемпиондар өсіп шығатынына сенімім мол. Қазақстан жастары үшін бүкіл әлемге жол ашық. Мұның бәрі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, Қазақстан халқының ауызбірлігі мен түсіністігінің арқасы, деді Президент.
Кеше түстен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді, деп жазады «Егемен Қазақстан» келесi мақаласында.
«Мемлекет басшысы бірден облыстық көп салалы ауруханаға атбасын тіреді. Ақ халаттылар сәуірдің шуағындай ақжарқын қуанышты жүзбен қарсы алды. Мұнда Елбасы аурухана ұжымымен кездесті. Бұл емдеу мекемесі Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған-ды. 320 кереуеттік облыстық көпсалалы аурухана құрылысына 11,8 миллиард теңге жұмсалды», - делiнедi мақалада.
Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы кездесуге жиналған ақ халаттылармен әңгімелесті. Қазақстан Президенті бұл аурухананың жаңа ғимаратта орналасқанын, заманауи құралдармен жабдықталғанын атап өтті.
«Көп нәрсе енді сіздерге байланысты. Егер өз жұмыстарыңызды сапалы атқарып, қолда бар жабдықтардың мүмкіндігін толық пайдаланатын болсаңыздар, халық денсаулығын жақсартуға зор үлес қосасыздар. Біздің елімізде денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлініп отыр, Қазақстан жан басына шаққанда бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі жөнінен дамыған елдер деңгейіне таяп келеді. Республикада соңғы 20 жылда мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Халық отандық медицинаға сенім арта бастады, ал көрші елдердің азаматтары емделу үшін бізге келетін болды», - деді Мемлекет басшысы.
Ал республикалық «Айқын» басылымында «Букмекерлiк кеңселер басқа ғимаратқа көшедi» атты мақала жарияланды.
Газеттiң жазуынша, жақында Қазақстанда букмекерлік кеңселердің «ұлы көші» басталмақ: оларға тұрғын үйлерден жаппай кетіп, басқа ғимараттар іздеуге тура келеді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жобаға сәйкес, адамдар тұратын көпқабатты үйлерде букмекерлік кеңселердің жұмыс жасауына бұдан былай тыйым салынады», - делiнген мақалада.
Республика бойынша қызылшаға қарсы жүргізілген екпеден кейін Жаңаөзендегі жағдай оңалмай тұр, деп хабарлайды «Айқын» басылымы «Екпе естен тандырып тұр» атты мақалада.
«Ондағы ата-аналар екпе алған балаларының жағдайын айтып, мұңын шағуда. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіберген мәліметі бойынша, екпе егілген 2333 жасөспірімнің 200-ге жуығының халі нашарлай түскен. Соның 50-ден астамының әлі күнге дейін басы ауырып, аяқ-қолдары тартылып, есінен танып жатқандары бар. Ал медицина саласының мамандары мұны қалыпты жағдайға балап отыр, сондай-ақ бұған вакцинаның қатысы жоқтығын мәлімдейді. Ең өкініштісі, баласының жанын аман сақтап қалу үшін шырылдаған ата-аналар оған нендей емдеу шараларын, қандай амал жасарын білмей, қолдары жіпсіз байланып отыр. Тіпті кейбіреуі емші жағалап кеткен. Елімізде жасалып жатқан емнен күдер үзген олар жергілікті органнан балаларын шетелде емдеуге ақшалай көмек көрсетулерін сұрайды. Бұл мәселеге министрлік мұқият назар аударуға тиіс деп есептейміз», - делiнген материалда.
Ресми тiлде жарық көретiн «Экспресс К» басылымының ерекше отбасы туралы «2+8=МАМА» атты мақаласы оқырман назарын тартпай қоймайтыны анық.
Елорда тұрғыны Жанар Байжулдинова әйел бақытының өз рецептiн ойлап тапты, деп жазады газет.
2012 жылы ол шымкенттiк перзентханадан төрт айлық Дарияны алады, кейiн бiр жылдан соң жанұяға 13 жасар Татьяна есiмдi қыз қосылды. Ал жарты жылдан кейiн оның шаңырағында тағы алты бала пайда болды.
«Мен осылайша 39 жастағы жалғызбасты көпбалалы ана атандым», - дейдi Жанар. - Менде өзiмнiң туған 2 балам бар. Тағы 8 асыранды балаларыма жақсы ана атанатыныма үмiттенемiн».
Ол он баламен өмiрлiк жар табу қиынға соғады деп есептейдi. Дегенмен қиын-қыстау сәтте тiрек болатын отағасы болса деп армандайды.