Букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру мәселесі көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Букмекерлік кеңселерде құмарлықты арттырудың әдістері пайдаланылуда. Бұл туралы бүгін заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру мәселесі көтерілді

Букмерлік кеңселер мен тотализаторлардың әлеуметтік қаупін төмендету мәселесіне тоқталған ол, бұл саладағы проблемалар осыған дейін тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте көтерілгенін еске салып өтті.

«Букмекерлік конторалар мен тотализаторлар толыққанды ойын мекемесі іспеттес, сондай-ақ олар көбіне бұрынғы казино ғимараттарында орналасқан және құмар ойындары нысандарына тән белгілер байқалады»,-деді жауапты хатшы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қарастыру барысында.

Осы орайда ол аталған кеңселердің кеңінен таралуы мен құмарлықты арттырудың әдістерін пайдалану, өз кезегінде тәуелділіктің пайда болуымен қатар, осы мекемелерге жаңа адамдардың көптеп тартылуына ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл ретте букмекерлік конторалар мен тотализаторларды ойын аймақтарына ауыстыру, сондай-ақ «тотализатор кассасы» немесе «букмекерлік контора» түсінігін айқындаудың бастапқы редакциясына оралу ұсынылады»,-деп атап өтті Уәлиев.

Оның пайымынша, тез баюға азғыру әдістерін болдырмау жоғарыда аталған проблемаларды шешуге ықпал етеді және аталған нысандарға тәуелді адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді.