Букмекерлік кеңселер жарнамасына қатысты жаңа шектеулер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жарнамасына жаңа шектеулер мен айыппұлдар күшіне енді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
«Көшелерде, ғимараттардың қасбеттерінде, көлік құралдарында және сыртқы құрылымдарда жарнамаға толық тыйым салынған. Бұл ереженің букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың орналасқан жерлеріне, спорт ғимараттарының ішіне және спортшылардың киімдеріне қатысы жоқ. Букмекерлік кеңселердің логотиптері мен сауда белгілерін басқа бизнес салаларының жарнамасында қолдануға болмайды», - делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің ақпаратынша, букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалау туралы заңнама талаптарын сақтамау әкімшілік айыппұлдарға әкеледі.
Бірінші рет ереже бұзғаны үшін: Жеке тұлғалар – 60 АЕК, лауазымды тұлғалар – 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 120 АЕК, орта бизнес субъектілері – 170 АЕК, ірі бизнес – 400 АЕК. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда: Жеке тұлғалар – 170 АЕК, лауазымды тұлғалар – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 250 АЕК, орта бизнес субъектілері – 350 АЕК және ірі бизнес – 650 АЕК. Заңнама нормаларын бұзғаны үшін жарнама беруші, жарнаманы шығарушы және жарнаманы таратушы жауапты болады.