Бұқтырма су қоймасындағы көпірге апаратын жол екі күнге жабылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасындағы көпірге апаратын жол екі күн бойы жабық болады.

Бұқтырма су қоймасындағы көпірге апаратын жол екі күнге жабылады
Фото: Көлік министрлігі

21 қазан күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Самар мен Күршім аудандарын жалғайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ашылған болатын. Бұл – еліміздегі ең ұзын көпір. Өткелге 18 шақырым жаңа жол да тартылған.

Бірақ 25 қазаннан бастап көпірге апаратын бұл жол жабылады. Себебі Республика күнінде көпірдің ашылуына арналған мерекелік шаралар өткізіледі.

«Бағдарламаға концерт пен спорттық жарыстар енгізілген. Қазір соған дайындық жасалып жатыр. Алдағы екі күн бойы халық көпірден өту үшін негізгі жолдың бойындағы қара жолмен жүре алады», - деп хабарлады Күршім ауданы әкімдігінен.

Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырмадағы көпірге 100-ден астам камера қойылғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар