Бұқтырма жағалауында заңсыз жұмыс істеп жүрген 13 шетелдік анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында заңсыз жұмыс істеп жүрген 13 шетелдік жауапқа тартылды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары құрылыс нысандарын, базарларды және шетелдік азаматтар заңсыз жұмысқа тартылуы мүмкін өзге де орындарды тексеріп жатыр.
- Соның нәтижесінде Бұқтырма су қоймасының жағалауында тиісті рұқсатсыз еңбек етіп жүрген көршілес мемлекеттің 13 азаматы анықталды. Шетелдіктер демалушыларға арналған жазғы үйлерді салуға тартылған. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 25 АЕК (108 125 теңге) айыппұл салынды, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар шетелдіктерді жұмысқа заңсыз тартқан жұмыс беруші де жауапқа тартылды. Ол 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада шетелдіктерге заңсыз ЖСН беру схемасы анықталғаны хабарланған.