Бұқтырмада салынып жатқан көпірдің екі жағына бекет қойылуы мүмкін
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан елдегі ең ұзын көпірдің екі жағына бекет қойылуы мүмкін.
Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпірде қауіпсіздікке баса мән берілуі қажеттігін айтты.
«Бұқтырма арқылы өтетін көпірден көліктердің қалай жүретіндігіне қатысты ережелерді бекіту қажет. Яғни, көпірде ұзын-сонар кептелістің болуына жол бермеуіміз керек. Себебі көпірге кіреберісте немесе шығар жолда жол апаты болса көпір жабылып қалуы мүмкін. Бұл көпірден жүретін көлік өте көп болатынын да ескеруге тиіспіз», — деді облыс әкімі.
Өз сөзінде ол әсіресе көліктер арасындағы қашықтықты сақтаған жөн екендігін жеткізді.
«Көпір маңына көліктердің арақашықтығы 20-30 метр екенін көрсететін тиісті белгілер орнатылуы қажет. Одан кейін қауіпсіздікті сақтау мақсатында көпірдің екі жағына бекеттер қойған жөн», — деді Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, 5 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған болатын.
Таяуда ҚР Президентінің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстан бойынша ең үлкен көпірдің жыл соңына дейін ашылатынын айтқан еді.
Сондай-ақ көпірдің ақылы болуы мүмкін екені айтылған.