Бұқтырма қоймасында 4 көлік қар құрсауында қалған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 4 көлікпен мұз үстімен жүріп өтпек болған тұрғындар эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұқтырма қоймасында 4 көлік қар құрсауында қалған

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 23 ақпанда сағат 16.20 шамасында орын алған. Октябрь және Қаракөл ауылдарының арасындағы рұқсат етілмеген өткелден 4 көлікке отырып жүріп өтпек болған тұрғындар қар құрсауында қалған.

«Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар тоғыз адамды эвакуациялады. Көліктер Октябрь ауылына жеткізілді. Құтқару жұмыстары төрт сағатқа созылған. Зардап шеккен ешкім жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Бұқтырма қоймасында екі көліктің мұз астына түсіп кеткені хабарланған болатын.